Балабақшада қазақ тілін оқыту.
Қазіргі таңда білім беру жүйесінің барлық сатыларының алдында тұрған көкейтесті мәселелерінің бірі – білім сапасын арттыру, оның әдістемесін жетілдіру, жас ұрпақтың тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Осыған сәйкес бүгінгі күн талабы – баланың ақыл-ойын дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, тілін дамыту, заман талабына сай оны жүйрік етіп тәрбиелеу.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік
жалпыға білім беру стандарты бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен оқыту барысында
бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің білім деңгейі нақты бағдарламамен
берілген. Қазақ тілін оқыту «Қазақ тілі 3+, 4+ және 5+», әдістемелік құралдары арқылы іске асады.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңында қазақ тілін орыс топтарында жүргізу балабақшадан бастау керектігі атап көрсетілген, себебі баланың болашақ тұлға ретінде қалыптасуы балабақшадан басталады.
Әсіресе балабақшада, мектепалды даярлық орыс топтарында қазақ тілін үйрету – аса үлкен жауапкершілікті жүктейді, себебі бірінші рет мектеп табалдырығын аттап, даярлық тобына келіп отырған бала, бірінші кезеңде не жазуды, не оқуды білмейді, не әріп танымайды, сондықтан баланың болашақта қазақ тілінде қалай сөйлеуі, қазақ тілін қалай меңгеруі баланың мектепке дейінгі алған біліміне де байланысты. Мектепалды даярлық орыс топтарында
қазақ тілін үйрету ең бірінші тіл дамыту жұмыстарымен жүргізіледі, себебі, жаңа атап өткендей не жазуды, не оқуды білмейтін бүлдіршіндер үшін бұл кезеңде балалармен ауызекі сөйлеп, тіл дамыту жұмыстарын жүргізу үлкен рөль атқарады. Мектепалды даярлық орыс топтарында балалардың тілін дамыту жұмыстарын мен ең бірінші кезекте фонетикадан бастаймын. Себебі фонетика әрбір тілді үйретудің алғашқы баспалдағы деп ойлаймын. Тіл білімінің маманы Адамбаева «Жаңа бір тілді меңгеруді фонетикадан бастамайынша, жаңа тіл игерілмейді» деп атап өткен екен.
Сондықтан да даярлық орыс топтарында балалардың тілін дамытуда ерекше орын алатын жұмыстардың бірі - ол фонетикалық жаттығулар, себебі орыс топтарында дыбыс жүйесін терең меңгерту – басты мәселе.
Қазақ тіліне тән дыбыстарды бала жетік меңгермейінше, ол сауатты оқу мен жазу
дағдысын игере алмайды. Фонетиканы меңгерту жұмыстары сөздік жұмысымен бірге атқарылады. Осы жұмыс түрлерін мен сабақта қалай қолданатыныма тоқталып өтсем:
Мысалы «Оқу құралдары» тақырыбын өткенде
мен келесі жұмыс түрлерін жүргіземін:
1. Ең бірінші оқу құралдарының атауларын сурет арқылы
таныстырамын. (орысша-қазақша аудару арқылы)
2. Енді
сөздерге фонетикалық жаттығу жасаймыз. Әсіресе, қазақ тіліне тән дыбыстардың
дұрыс айтылуын қадағалаймын. Дыбыстарды сыныпта әр түрлі формада (хормен,
жұппен, жеке) айтқызамын.
3.
Кейін сөздерді іс-қимылды білдіретін сөздермен байланыстырып
айтамыз (мысалы кітапты не істейміз? оқимыз, дәптерге жазамыз, сызғышпен
сызамыз, т.б.) ең бірінші өзім тіркестіріп айтып шығамын, кейін оқушылар
қайталайды.
«Тіл жеке адамның шаруасы емес.
Мемлекеттің де басыбайлы дүниесі емес. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны.
Тілдің мәртебесі – елдің мерейі. Оның мерейін асыратын да, құтын қашыратын да
өзіміз. Сондықтан тілдің мәртебесін өсіру баршамыздың міндетіміз деп айтқым
келеді».