Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Осы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 139-бабының 7-тармағына, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді .
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) апелляцияларды қарау жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі – республикалық апелляциялық комиссия) – педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың ұлттық біліктілік тестілеуі нәтижелерімен келіспеуі жағдайында туындайтын даулы мәселелер бойынша шешім қабылдайтын, білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия;
2) біліктілік санаты – осы Қағидалармен айқындалатын біліктілік талаптарына сай келетін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіби құзыреттілік деңгейі;
3) біліктілік тестілеуі – білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлеген тестілер бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіби құзыреттілігінің деңгейін айқындауға бағытталған рәсім;
4) кезекті аттестаттау – әр бес жыл өткен сайын педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға біліктілік санатын беру (растау) үшін мерзімді жүзеге асырылатын рәсім;
5) қызметтің қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау – келесі көрсеткіштер негізінде педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіби құзыретін жүйелі, бірізді және объективті зерделеу: білім алушылардың (тәрбиеленушілер) білім сапасы, іскерлігі мен дағдылары, жетістіктері, сабақ беру (тәрбиелеу және оқыту) сапасы және аттестаттау кезеңіндегі кәсіби жетістіктері;
6) педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар – "Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысымен бекітілген педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының тізбесінде көрсетілген лауазымды атқаратын тұлғалар;
7) педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың біліктілігін арттыру – білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен оқыту мен сабақ беру сапасын арттыру үшін кәсіби білімін, іскерлігін, дағдыларын және құзыреттілігін жаңартуға, сондай-ақ бұрын алғандарын қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін оқыту;
8) CEFR (Common European Framework of Reference, шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреті) (Коммон Еуропиан Фреймворк Оф Референс) – тіл білу деңгейін сипаттау үшін қолданылатын халықаралық стандарт;
9) ұлттық біліктілік тестілеуі – білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған ұйым әзірлеген тестілер бойынша бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және арнайы білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіби құзыреттілік деңгейін айқындауға бағытталған рәсім.
3. Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу үшін тиісті деңгейдегі: білім беру ұйымдарында, аудандық (қалалық) білім бөлімдерінде, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларында, білім беру саласындағы уәкілетті органда (республикалық ведомостволық бағынысты ұйымдар үшін), тиісті саланың уәкілетті органдарында аттестаттау комиссиялары құрылады.
4. Аттестаттау комиссиясының құрамына тиісті білім беру деңгейіндегі (мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша, арнайы) жоғары білікті педагогтер, ғылыми-әдістемелік кабинеттердің, орталықтардың, біліктілікті арттыру ұйымдарының әдіскерлері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың, өндірістік кәсіпорындар мен ұйымдардың, ғылыми-педагогикалық кеңестер мен Қазақстан Республикасының "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының (бұдан әрі – ҚР "Атамекен" ҰКП) (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім үшін) өкілдері, білім беруді басқару органдарының мамандары кіреді.
5. Аттестаттау комиссиясының мүшелері тақ саннан құралады. Аттестаттау комиссиясының төрағасы, төрағасының орынбасары комиссия мүшелерінің арасынан сайланады. Хатшы аттестаттау комиссиясының мүшесі болып табылмайды.
6. Аттестаттау комиссиясының құрамы білім беру ұйымы, аудандық (қалалық) білім бөлімдері, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, білім беру саласындағы уәкілетті орган (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін), тиісті саланың уәкілетті органы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
7. Салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттауды білім беру ұйымдарының және салалық мемлекеттік органдардың аттестаттау комиссиялары жүзеге асырады.
8. Салалық органдарда білікті мамандар болмаған жағдайда білім беру ұйымының басшысы білім беруді басқару органына педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттау туралы өтінішпен жүгінеді.
9. Аттестаттау комиссиясының отырысы аудио- немесе бейнежазбаға жазылады. Аудио-бейнежазбалар архивте кемінде 3 жыл сақталады.
2-бөлім. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу тәртібі мен шарттары
1-тарау. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу тәртібі мен шарттары
1-параграф. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды кезекті аттестаттаудан өткізу тәртібі
10. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттау кезекті немесе мерзімінен бұрын болып бөлінеді.
11. Аттестатталушылар кезекті аттестаттаудан Заңның 51-бабы 3-тармағының 6) тармақшасына сәйкес кемінде бес жылда бір рет өтеді.
12. Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды біліктілік санаттарын алу (растау) үшін кезекті аттестаттау (бұдан әрі – біліктілік санаттарын алу (растау) үшін кезекті аттестаттаудан өтетін аттестатталушылар) аттестатталушы қызметінің қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау жолымен бір кезеңде жүзеге асырылады.
13. Біліктілік санаттарын алу (растау) үшін кезекті аттестаттаудан өтетін аттестатталушылар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тиісті деңгейдегі білім беру ұйымының, аудандардың (қалалардың) білім бөлімдерінің, білім басқармаларының, мемлекеттік органдардың аттестаттау комиссиясына өтініш береді.
Кезекті аттестаттауға өтініш берген кезде аттестатталушылар нұсқаулықпен танысады.
14. Білім беру ұйымы біліктілік санаттарын алу (растау) үшін кезекті аттестаттаудан өтетін аттестатталушылардың тізімдік құрамын аудандардың (қалалардың) білім бөлімдеріне, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларына, республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар – тиісті мемлекеттік органға ұсынады.
15. Біліктілік санаттарын алу (растау) үшін кезекті аттестаттаудан өтетін аттестатталушылар қызметінің қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтауды жүргізу үшін білім беру ұйымы, аудандардың (қалалардың) білім бөлімдері, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, мемлекеттік орган басшысының бұйрығымен жыл сайын сараптамалық кеңес құрылады:
екінші біліктілік санатына – білім беру ұйымы деңгейінде ұйымдастырылатын сараптамалық кеңес, құрамында: әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері, әдістемелік бірлестіктердің басшылары, ауданның (қаланың) жоғары білікті педагог қызметкерлері, ҚР "Атамекен" ҰКП-ның, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің өкілдері;
бірінші біліктілік санатына – аудан (қала) деңгейінде ұйымдастырылатын сараптамалық кеңес, құрамында: әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері, әдістемелік бірлестіктердің басшылары, ауданның (қаланың) жоғары білікті педагог қызметкерлері, біліктілікті арттыру институттарының өкілдері, ҚР "Атамекен" ҰКП-ның, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің өкілдері;
жоғары біліктілік санатына – облыс деңгейінде ұйымдастырылатын сараптамалық кеңес, құрамында: әдістемелік кабинеттердің немесе орталықтардың әдіскерлері және облыстың білім беру ұйымдарының, біліктілікті арттыру ұйымдарының жоғары білікті педагог қызметкерлері, ҚР "Атамекен" ҰҒП-ның, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің өкілдері.
16. Біліктілік санаттарын алу (растау) үшін кезекті аттестаттаудан өтетін аттестатталушыларды аттестаттау үшін сараптамалық кеңестің қарауына мынадай құжаттар ұсынылады:
1) аттестаттауға өтініш (осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес);
2) барлық аттестатталушы педагог қызметкерлердің міндетті ұсынуы үшін қажетті құжаттардың көшірмелері:
жеке басты куәландыратын құжат;
білімі туралы диплом;
қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжат;
біліктілік санаты туралы куәлік;
біліктілікті арттыру курстарынан өту туралы құжаттар;
педагогикалық тәжірибені жинақтау материалдары: эссе, шығармашылық есеп, кәсіптік қызметіне өзіндік талдау жасау;
аттестатталушылар қызметінің қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау: пікірлер, білім алушылар мен тәрбиеленушілерге, ата-аналарға, әріптестерге және әкімшіліктерге сауалнама жүргізу нәтижелері, практика базасы басшыларының, жұмыс берушілердің пікірлері, ЖОО-ға түсу немесе жұмысқа орналасу туралы ақпарат;
педагогикалық қызмет нәтижелері: педагогикалық қызметкерлердің және оларға теңестірілген тұлғалардың, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу, шығармашылық, спорттық, пәндік олимпиадаларға, конкурстарға, байқауларға, жарыстарға, ойындарға қатысуын растайтын құжаттар, марапаттау материалдары.
17. Біліктілік санаттарын алу (растау) үшін кезекті аттестаттаудан өтетін әрбір аттестатталушы бойынша сараптамалық кеңес аттестаттаудан одан әрі өту үшін сәйкес келеді (сәйкес келмейді) деген ұсынымдар шығарады.
18. Білім беру ұйымдары, аудандардың (қалалардың) білім бөлімдері, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, мемлекеттік орган тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссияларына ұсынымдары бар сараптамалық кеңес қараған аттестаттау құжаттарын береді.
19. Аудандардың (қалалардың) білім бөлімдерінің, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының аттестаттау комиссиялары, білім беру саласындағы уәкілетті орган (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін), тиісті саланың уәкілетті органдары аттестаттау процесінде сараптамалық кеңестің ұсынымдарын қарайды және талдайды.
20. Тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиялары кезекті аттестаттаудан өтетін аттестатталушыларға біліктілік санаттарын беру (растау) туралы шешім қабылдайды:
білім беру ұйымының аттестаттау комиссиясы сараптамалық кеңестің ұсынымы негізінде педагогтердің екінші біліктілік санатын береді (растайды);
аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің аттестаттау комиссиясы сараптамалық кеңестің ұсынымы негізінде педагогтердің бірінші біліктілік санатын береді (растайды);
Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының аттестаттау комиссиясы сараптамалық кеңестің ұсынымы негізінде педагогтердің жоғары біліктілік санатын береді (растайды).
21. Облыстық және республикалық ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының біліктілік санаттарын алу (растау) үшін кезекті аттестаттаудан өтетін аттестатталушыларға бірінші және жоғары біліктілік санатын білім беру саласындағы уәкілетті орган береді (растайды).
22. Біліктілік санаттарын алу (растау) үшін кезекті аттестаттаудан өтетін әрбір аттестатталушы бойынша тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) өтініш берілген біліктілік санатына сәйкес келеді;
2) өтініш берілген біліктілік санатына сәйкес келмейді;
3) өтініш берілген біліктілік санатынан бір саты төмен санатқа сәйкес келеді.
23. Аттестаттау комиссиясының шешімі отырысқа оның мүшелерінің кемінде 2/3-сі қатысқан кезде қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру нәтижелері қорытынды отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар саны тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
24. Аттестаттау комиссиясының шешімі тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясының хаттамасымен ресімделеді, оған барлық мүшелері қол қояды. Біліктілік санаттарын алу (растау) үшін кезекті аттестаттаудан өтетін аттестатталушыларға біліктілік санатын беру (растау) туралы тиісті деңгейдегі бұйрық ағымдағы жылдың 15 мамырынан кешіктірілмей шығарылады. Тиісті деңгейдегі бұйрықтың негізінде ағымдағы жылдың 1 маусымынан кешіктірмей білім беру ұйымы осы Қағидаларға 14-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біліктілік беру (растау) туралы куәлікті және бұйрықтың көшірмесін береді.
2-параграф. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды мерзімнен бұрын аттестаттаудан өткізу тәртібі
25. Мерзімінен бұрын аттестаттауға үміткер аттестатталушылар (бұдан әрі – мерзімінен бұрын аттестатталушылар) аттестаттаудан екі кезеңде өтеді:
1) бірінші кезең – біліктілік тестілеуі;
2) екінші кезең – қызмет қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау.
26. Мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтетін аттестатталушылар аттестаттаудың бірінші кезеңі – біліктілік тестілеуінен өту үшін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша білім беру ұйымының, аудандардың (қалалардың) білім бөлімдерінің, білім басқармаларының, мемлекеттік органдардың тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясына өтініш береді:
1) екінші біліктілік санатына:
орта кәсіптік (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі), жоғары оқу орнын "үздік" бітірген және кемінде бір жыл педагогикалық қызмет өтілі бар тұлғалар;
"Болашақ" бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнын бітірген және кемінде бір жыл педагогикалық қызмет өтілі бар тұлғалар;
өндірістен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан, кемінде үш жыл өндірістік жұмыс өтілі бар тұлғалар;
аудандық (қалалық) деңгейдегі кәсіби конкурстардың жеңімпаздары болып табылатын тұлғалар;
мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары деңгейіндегі конкурстардың жеңімпаздары болып табылатын тұлғалар;
2) бірінші біліктілік санатына:
екінші біліктілік санаты бар, облыстық деңгейдегі кәсіби конкурстардың немесе олимпиадалардың жеңімпаздары болып табылатын тұлғалар;
екінші біліктілік санаты бар, облыстық деңгейдегі пәндік олимпиадаларға, шығармашылық, кәсіби конкурстарға, ғылыми және спорттық жарыстарға, әртүрлі қатысу нысандарына (күндізгі, сырттай, қашықтықтан) қатысушыларды дайындаған тұлғалар;
екінші біліктілік санаты бар, облыстық деңгейде өзінің педагогикалық тәжірибесін жинақтаған тұлғалар;
өндірістен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан, кемінде төрт жыл өндірістік жұмыс өтілі бар тұлғалар;
3) жоғары біліктілік санатына:
бірінші біліктілік санаты бар, облыстық деңгейдегі пәндік олимпиадаларға, шығармашылық, кәсіби конкурстарға, ғылыми және спорттық жарыстарға қатысушыларды немесе республикалық немесе халықаралық деңгейдегі қатысушыларды дайындаған тұлғалар;
бірінші біліктілік санаты бар, облыстық деңгейдегі кәсіби конкурстардың, педагогикалық олимпиадалардың қатысушылары немесе республикалық немесе халықаралық деңгейдегі қатысушылар болып табылатын тұлғалар;
бірінші біліктілік санаты бар, республикалық немесе халықаралық деңгейде өзінің педагогикалық тәжірибесін жинақтаған тұлғалар;
бірінші біліктілік санаты бар, біліктілікті арттыру институттарынан, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан, кемінде төрт жыл педагогикалық жұмыс өтілі бар тұлғалар;
жоғары оқу орнынан білім беру ұйымына педагогикалық жұмысқа ауысқан, магистр академиялық дәрежесі және кемінде төрт жыл педагогикалық жұмыс өтілі бар тұлғалар;
өндірістен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан, кемінде бес жыл өндірістік жұмыс өтілі бар тұлғалар.
Мерзімінен бұрын аттестаттауға өтініш берген кезде аттестатталушылар нұсқаулықпен танысады.
27. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлерді аттестаттау олардың біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан өтуін ескере отырып жүргізіледі.
28. Мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтетін аттестатталушылардың біліктілік тестілеуін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын білім беру ұйымы жыл сайын 15 қазаннан 15 желтоқсанға дейін өткізеді.
29. Біліктілік тестілеуін өткізу күні білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын білім беру ұйымының сайтында рәсім өткізілгенге дейін 2 (екі) аптадан кешіктірілмей орналастырылады.
30. Аттестаттау барысында біліктілік тестілеуіне жататын еңбек қызметінің бейіні бойынша бағыттардың тізбесі білім туралы құжат бойынша біліктілікке сәйкес айқындалады.
31. Біліктілік тестілеуі жүз тест тапсырмасынан тұрады:
"Қызмет бағыты бойынша" – жетпіс тапсырма;
"Педагогика, оқыту әдістемесі" – отыз тапсырма.
Біліктілік тестілеуінің жалпы уақыты екі жүз отыз минутты құрайды.
Біліктілік тестілеуінің нәтижесі "Қызмет бағыты бойынша" 50%-дан кем емес, "Педагогика және оқыту әдістемесі" бойынша 30%-дан кем емес дұрыс жауап алған кезде оң болып саналады.
Осы тармақта белгіленгеннен кем тестілеу нәтижелерін көрсеткен немесе дәлелді себептермен қатыспаған мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтетін аттестатталушылар бірінші тестілеуден кейін екі айдан кешіктірмей қайта тестілеуден өтеді.
Дәлелді себептер:
1) еңбекке уақытша жарамсыздық (екі айдан артық емес);
2) жүктілікке және босануға, бала күтіміне байланысты демалыста болу;
3) қызметтік іссапарда, оның ішінде шетелде іссапарда болу.
32. Қайта тестілеу кезінде осы Қағидалардың 31-тармағында белгіленгеннен кем нәтиже алған мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтетін аттестатталушылар аттестаттаудың екінші кезеңіне жіберілмейді.
Тестілеуден сәтті өткен мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтетін аттестатталушылар аттестаттаудың екінші кезеңіне жіберіледі.
33. Тестілеу аяқталғаннан кейін нәтиже білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ұйымның ресми сайтында орналастырылады.
34. Біліктілік тестілеуінің нәтижесі бір жылға жарамды.
Өндірістен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан адамдар біліктілік тестілеуінен босатылады.
35. Мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтетін аттестатталушылар қызметінің қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтауды жүргізу үшін білім беру ұйымы, аудандардың (қалалардың) білім бөлімдері, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, мемлекеттік орган басшысының бұйрығымен жыл сайын сараптамалық кеңес құрылады:
екінші біліктілік санатына – білім беру ұйымы деңгейінде ұйымдастырылатын сараптамалық кеңес, құрамына: әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері, әдістемелік бірлестіктердің басшылары, ауданның (қаланың) жоғары білікті педагог қызметкерлері, "Атамекен" ҚР ҰКП, қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар, жұмыс берушілер өкілдері кіреді;
бірінші біліктілік санатына – аудан (қала) деңгейінде ұйымдастырылатын сараптамалық кеңес, құрамына: әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері, әдістемелік бірлестіктердің басшылары, ауданның (қаланың) жоғары білікті педагог қызметкерлері, біліктілікті арттыру институттары, "Атамекен" ҚР ҰКП, қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар, жұмыс берушілер өкілдері кіреді;
жоғары біліктілік санатына – облыс деңгейінде ұйымдастырылатын сараптамалық кеңес, құрамына: әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері немесе облыстық білім беру ұйымдарының, біліктілікті арттыру ұйымдарының жоғары білікті педагог қызметкерлері, "Атамекен" ҚР ҰҒП, қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар, жұмыс берушілер өкілдері кіреді.
36. Білім беру ұйымы мерзімінен бұрын аттестатталатындардың тізімдік құрамын аудандардың (қалалардың) білім бөлімдеріне, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларына, республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар – тиісті мемлекеттік органға ұсынады.
37. Мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтетін аттестатталушылар қызметінің сәйкестігін анықтау үшін сараптамалық кеңестің қарауына мынадай құжаттар ұсынылады:
1) аттестаттауға өтініш (осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес);
2) барлық аттестатталатын педагог қызметкерлердің міндетті түрде ұсынуы үшін қажетті құжаттардың көшірмелері:
жеке басын куәландыратын құжат;
білімі туралы диплом;
қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжат;
біліктілік санаты туралы куәлік;
біліктілікті арттыру курстарынан өту туралы құжаттар;
педагогикалық тәжірибені жинақтау материалдары: эссе, шығармашылық есеп, кәсіптік қызметіне өзіндік талдау жасау;
педагогикалық қызметкерлер қызметінің қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау қорытындылары: пікірлер, білім алушылар мен тәрбиеленушілерге, ата-аналарға, әріптестеріне және әкімшіліктерге сауалнама жүргізу нәтижелері, тәжірибе базасы басшыларының, жұмыс берушілердің пікірлері, ЖОО-ға түсу немесе жұмысқа орналасу туралы ақпарат;
педагогикалық қызмет нәтижелері: педагогикалық қызметкерлердің және оларға теңестірілген тұлғалардың, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу, шығармашылық, спорттық, пәндік олимпиадаларға, конкурстарға, байқауларға, жарыстарға, ойындарға қатысуын растайтын құжаттар, марапаттау материалдары.
38. Мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтетін әрбір аттестатталушы бойынша сараптамалық кеңес одан әрі аттестаттау үшін сәйкес келеді (сәйкес келмейді) деген ұсынымдар шығарады.
39. Білім беру ұйымдары, аудандардың (қалалардың) білім бөлімдері, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, мемлекеттік орган тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссияларына ұсынымдармен бірге сараптамалық кеңес қараған аттестаттау құжаттарын береді.
40. Аудандардың (қалалардың) білім бөлімдерінің, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының, білім беру саласындағы уәкілетті органдардың (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін), тиісті саланың уәкілетті органдарының аттестаттау комиссиялары аттестаттау процесінде сараптамалық кеңестің ұсынымдарын қарайды және талдайды.
Тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиялары мерзімінен бұрын аттестатталушылардың біліктілік санаттарын беру туралы шешім қабылдайды:
білім беру ұйымының аттестаттау комиссиясы сараптамалық кеңестің ұсынымы негізінде педагогтердің екінші біліктілік санатын береді;
аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің аттестаттау комиссиясы сараптамалық кеңестің ұсынысы негізінде педагогтердің бірінші біліктілік санатын береді;
Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының аттестаттау комиссиясы сараптамалық кеңестің ұсынысы негізінде педагогтердің жоғары біліктілік санатын береді.
41. Облыстық және республикалық ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарында мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтетін аттестатталушыларға бірінші және жоғары біліктілік санаттарын білім беру саласындағы уәкілетті орган береді (растайды).
42. Мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтетін әрбір аттестатталушы бойынша тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) өтініш берілген біліктілік санатына сәйкес келеді;
2) өтініш берілген біліктілік санатына сәйкес келмейді.
43. Мерзімнен бұрын аттестаттаудан өтетін әрбір аттестатталушы бойынша аттестаттау комиссиясының шешімі отырысқа қатысушы мүшелерінің кемінде 2/3-сі қатысқан кезде қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру нәтижелері қорытынды отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар саны тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
44. Мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтетін әрбір аттестатталушы бойынша аттестаттау комиссиясының шешімі тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясының хаттамасымен ресімделеді, оған барлық мүшелері қол қояды. Тиісті деңгейдегі біліктілік санатын беру туралы бұйрық ағымдағы жылдың 15 мамырынан кешіктірілмей шығарылады. Тиісті деңгейдегі бұйрықтың негізінде ағымдағы жылдың 1 маусымынан кешіктірмей білім беру ұйымы осы Қағидаларға 14-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біліктілік беру туралы куәлікті және бұйрықтың көшірмесін береді.