10.08.2020
- Абай Құнанбаев 1845 жылы бұрыңғы Семей уезі, Шынғыс болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында) дүниеге келген. Абайдың әкесі Құнанбай Қарқаралы уезіне аға сұлтан болған. Абай әуелі ауылда Ғабитхан деген татар молдасынан мұсылманша хат таниды. Абайды әкесі он жасында Семей қаласындағы Ахмет Ризаның медресесіне оқуға береді. Ол бос уақытында Шығыстың ұлы ақындары Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Навои, Физули, Фирдоуси шығармаларын өз бетімен оқып, ертегі, дастан, хисса сияқты әдеби мұралармен танысады.
- Абай медреседе небәрі үш-ақ жыл оқиды, соңғы жылдары өз бетімен «приходская школаға» түсіп, орысша да оқиды. Бірақ мұндағы оқу ұзаққа бармайды. Жасы 13-ке келіп, ерте есейіп, ақыл-ойы тола бастаған шақта өткір, зейінді Абайды әкесі Құнанбай ел билеу ісіне араластырып тәрбиелемек болып, оны оқудан елге алып кетеді.
- Әкесінің жұмсауымен Абай ел ішіндегі әр түрлі мәселелерге араласады. Ол көптеген ескі әңгімелерді, өлең-жырларды халық ішінен үйренеді.
- Қаладағы медреседе үш жыл діни оқу арқылы Абай араб, парсы, шағатай тілдерін жетік біліп, Шығыс ақындарының шығармаларымен танысуға мүмкіндік алды. Қазақтың халықтық өлең-жырларын, ертегі, қисса, аңыз-әңгімелерін әжесі Зере бәйбішеден, халық ақындары Шөже, Бөйкөкше, Балталардан естіп, жастай жадында сақтады.
Абайдың қара сөздері — көркем әңгіме емес, ғақлиялық даналық сөздер. Онда ғылыми философиялық толғаныстар кең орын алған. Абай қара сөздерді жазуға зор дайындықпен келген. Ол бұл еңбектерін діни сопылық-теологиялық ғылымды да, жаратылыс заңдарын ашқан Галилей, Коперник, Спенсер, Ньютон, Пифагор, Дарвин еңбектерін де, ертедегі философ ғылымдар Сократ, Аристотель, Платон шығармаларын да, Шығыстың ойшылдары — Фирдоуси, Шамси, Қожа Хафиз, Бабыр, т.б. еңбектерін де оқып, ақыл-парасаты әбден толықсыған шағында жазуға кіріскен. Ол қара сөздердегі келтірілген терминдік атаулар мен сілтемелерден немесе ой-пікір үндестігінен байқалады.